КСРО халық артисі, Халық қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы, күйші, халқымыздың ұлы перзенті Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» саз фестивалі 2008 жылы салтанатты түрде тұңғыш рет шымылдығын түрді. Жоба авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Бас директоры және көркемдік жетекшісі Әбдірахманов Сәкен Сейтқалиұлы.

Иә, Нұрғиса Тілендиев кейінгі ұрпаққа өміршең туындыларын, әсерлі әндерін, сұлу сазын қалдырып, өнер тұғырында қырандай қанат қағып, қалықтаған алып жүрек иесі. Оның мәңгілік шығармаларын дәріптеу күллі қазақ жұртының парызы.

Нағыз хас таланттарды бір арнаға тоғыстырған бұл фестивальдің негізгі мақсаты да сол – ұлы есімді ұлықтау. Екі жылда бір рет классикалық вокал (ерлер және әйелдер), домбыра, дирижерлеу номинациялары бойынша өтетін фестивальдің мәртебесі жыл санап артып келеді.

Осы уақытқа дейін фестивальге КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек ері, академик, профессор Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық артистері Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқалы Жайымов, Азамат Жылтыркөзов, Тілеуғали Қышқашбаев, Ермұрат Үсенов, Қырғызстанның халық артисі Мұратбек Бегалиев сынды т.б. өнер алыптары қазылық жасап, халықтың зор сеніміне ие болды.

Жасыратыны жоқ, Н. Тілендиев атындағы «Өз елім» саз фестивалінің деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Өнерпаздар да өзінің қарым-қабілетін, біліктілігін арттырып, өнер додасына асқан дайындықпен қатысуда...

Аталмыш фестиваль әлі талай таланттардың жолын ашары хақ. Ендеше, қазақ сазының сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиевтің туындылары мәңгі жасасын демекпіз!